Бүгін Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінде музей қорына қабылдауға ұсынылған жәдігерлер бойынша комиссия және ғылыми кеңестің кезекті отырысы өтті.
Отырысты музей директоры Жантас Набиоллаұлы Сафуллин жүргізді. Жиынға ғылыми-қор сақтау бөлімінің қызметкерлері, ғылыми қызметкерлер құрамы, өлкетанушылар, музей ардагері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сара Есқайырқызы Танабаева, белгілі журналист Қазыбек Қабжан, өлкетанушы Нұрлан Сәдір және Маметова музейінің меңгерушісі А. Батырханов қатысты.
Отырыста облыстық музейдің қалалық бөлімшелері мен бірқатар аудандық музейлерінің қорына түскен, сондай-ақ тұрғындар тарапынан облыстық музейге тікелей тапсырылған жәдігерлер жан-жақты сарапталды. Олардың тарихи, мәдени және ғылыми құндылығы, шығу тегі, сақталу деңгейі мен түпнұсқалығы қарастырылды.
Сонымен қатар жәдігерлердің музей қорының тақырыптық бағытына сәйкестігі, ғылыми айналымға енгізу мүмкіндігі және экспозициялық әлеуеті бағаланды.
Кеңес мүшелері халық тарапынан аманат етілген құнды дүниелерді музей қорының негізгі және қосалқы қорына қабылдау туралы ұсыныс жасап, тиісті құжаттаманы рәсімдеу және ғылыми сипаттама әзірлеу жөнінде тапсырмалар берді.
Бұл жұмыс музей қорының жүйелі түрде толықтырылуына және ұлттық тарихи мұраны сақтауға бағытталған.